Интернеттен криптосауда жайлы іздесеңіз, түрлі брокер шыға келеді. Бірі оңай табыс табасың деп уәде етсе, бірі тегін курс ұсынып қызықтырады. Бірақ сауданы бастамас бұрын жақсылап ойланыңыз. Қазақстанда криптовалюта айырбастап, түрмеге жабылғандар бар. Компания ашпай, біреудің қолма-қол ақшасына крипто сатып, пайда табу – заңсыз, әрине. Бірақ мұнда тағы бір мәселе бар.
Азаттық қолына түскен сот үкімдерінде сотталған Қазақстан азаматтарының Binance.com және Bybit.com платформаларында криптовалюта саудасын жүргізгені туралы жазылған. Бұл екі платформа Қазақстанда өкілдіктерін ашып, лицензия алған. Бірақ "цифрлық активтер туралы" заңға сәйкес, олардың жаһандық инфрақұрылымы ел аумағында бұғатталуы керек.
Қазақстанда криптонарықты цифрлық даму министрлігі реттейді және бұған дейін мекеме шешімімен Coinbase және NYMEX секілді алып биржалар бұғатталған. Жаслан Мәдиев басқаратын Цифрлық даму министрлігі Binance пен Bybit-ті әлі күнге дейін бұғаттамай отыр. Министр бұғаттау мәселесіне қатысты былтыр былай деген:
"Менің жеке пікірім: елімізге келіп, ресми лицензия алуға өтініш берген, жергілікті мамандарға инвестиция салып, оларды жұмысқа тартып жатқан криптобиржаларды қолдауымыз қажет".
Бұрын Binance Kazakhstan-ды басқарған, қазіргі министр Мәдиевтің қандай мүддесі бар? Азаттық анықтап көрді.
СОТТЫ БОЛҒАНДАР
"Курсив Медиа" басылымының мәліметінше, 2023 жылы криптовалютаға қаржы салған қазақстандықтар саны 1,5 миллионға жеткен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Олардың меншігіндегі криптовалюта құны бірнеше миллиард долларға жеткен. Әлемде сұраныс артқан сайын криптовалюта айырбастаушылар да көбейген.
Цифрлық актив – арнайы кодпен қорғалған, өзгертілмейтін электронды мүлік. Электронды мүлікке блокчейн дейтін технология салмақ береді. Бұл – әрбір транзакцияны ашық түрде жазып отыратын, өзгертуге болмайтын жүйе. Осы жүйе арқылы адамдар банкке бармай-ақ сауда жасап, инвестиция құйып, меншігін дәлелдей алады. Ең танымал активтер қатарына Bitcoin, Etherium, USDT, XRP кіреді.
Қаржылық мониторинг агенттігі криптовалютаны қолма-қол ақшаға айырбастап, табыс тапқандарды ұстап, ісін сотқа жеткізіп жатыр.
Агенттік Азаттыққа кейінгі екі жылда 36 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады және қылмыстық қудалау жыл сайын көбейіп келеді. Жиырмасына қатысты сот үкімі шығып үлгерген. Сот үкімдерінде құзырлы орган тергеуге ілінгендерді арнайы лицензиясыз, қамтамасыз етілмеген криптовалютаны саудалады және аса ірі көлемде кіріс алды деп, Қылмыстық кодекстің 214-бабына сәйкес іс қозғап отыр. Мұнда тағылған айыптарға қатысты уәж бар.
"Ол жерде цифрлық активтермен сауда жасау қарастырылмаған, тек майнингке арналған лицензиялар бар және цифрлық активтер биржаларына қатысты ережелер Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) актілерімен реттеледі. Яғни, ешбір азамат Қылмыстық кодексте мұндай операцияларға тыйым салынған немесе жауапкершілік қарастырылған деп ойламас еді", – деді бұл жөнінде астаналық адвокат Қасымхан Ұлықбеков.
Адвокат Ұлықбеков криптонарықта басы дауға қалған 4 азаматқа адвокат болып, сотта қорғаған. Ол "Цифрлық активтер туралы" заңда жеке тұлғаларға брокер қызметіне лицензия беруді реттейтін механизм жоқ дейді. Яғни, сіз жеке тұлға ретінде криптоброкер бола алмайсыз. Бірақ Астана қалалық соты қазақстандықтарға арнайы лицензиясыз крипто трейдингпен айналысты деп үкім шығарған. Одан бөлек, сот USDT криптовалютасын саудалағанына да жаза тағайындаған.
"USDT нарықта 2017 жылы пайда болғанын білеміз. Сол кезеңде ол Қазақстанда да айналымға енді. Яғни, бұл – 2023 жылы қабылданған цифрлық активтер туралы заңға дейін пайда болған актив. Ұзақ уақыт бойы ол "Ақпараттандыру туралы" заңға сәйкес қамтамасыз етілген актив ретінде танылды. Ол бірден қамтамасыз етілмеген активке айнала алмайды. Заң кері күшке ие емес, әсіресе кәсіпкерлік субъектісінің мүддесіне нұқсан келтіретін жағдайда. USDT цифрлық активін айналымға енгізген кез келген адам белгілі бір дәрежеде кәсіпкер саналады", – деді "Қазақстанның Ұлттық блокчейн қауымдастығының" жетекшісі Дәурен Қарашев
Қарашев 2023 жылғы 6 ақпанда күшіне енген "Цифрлық активтер туралы" заңды дайындауға қатысқан.
Криптовалюта бағасы секунд сайын құбылатын әлемде USDT бағасы өзгермейді. Оны басқаша стейблкойн деп атайды, яғни тұрақты тиын. 1 USDT құны үнемі 1 АҚШ долларына тең. Кейінгі жылдары USDT криптонарықтың негізіне айналды. Күн сайын биржаларда миллиардтаған доллар USDT-ге айналады. Қолданушылар оны мүлік сатып алуға, сатуға не ел асырып жіберуге пайдаланады. Оны долларға байланған құны танымал етті.
Стейблкойнды шығарған Tether компаниясы меншігінде әрбір USDT-ді қолдайтын шын доллары бар екенін айтқан. Бірақ резервіне қатысты асыра мәлімдеме жасағаны үшін АҚШ-та айыппұл да төлеген. Соған қарамастан, криптоәлемде USDT күнделікті сауданың негізгі тірегіне айналып отыр.
"Цифрлық активтер туралы" заң жобасын дайындауға қатысқан өзге сарапшы Сергей Путра кейінгі жылдары шығарылған сот үкімдерінде "шамадан тыс қатаң жаза кесілді" дейді.
"Бірақ нақты баға беру өте қиын. Арасында заңсыз әрекет жасап жатқанын білгендер де болды, мен оны нақты білемін. Олар тәуекелге барып, ешкім ұстамайды, ақша тауып үлгереміз, сосын бұл істі тоқтатамыз деп үміттенді", – деді Путра.
Адвокат Ұлықбеков айыптаушы тараптың тағы бір аргументі жүйесіз дейді.
"Барлық үкімде табыс ұғымы әртүрлі түсіндіріледі. Бір жағдайда табыс ретінде криптоәмиянына түскен қаражаттың жалпы сомасы есептеледі. Яғни, егер әмияныңызға 1000 шартты бірлік түссе, сол сома табыс саналады. Басқа жағдайда бүкіл операцияның айналымы, яғни, сатып алу мен сатудың жиынтығы табыс ретінде танылады", – деді ол.
Адвокат кірісті дұрыс есептелмей, азаматтарға аса ірі көлемді заңсыз кіріс алды деп, үлкен айыппұл да салды дейді. Азаттық кірісті есептеудің мән-жайын қаржылық мониторинг агенттігінен сұрады. Бірақ мардымды жауап ала алмады.
Редакция қаржылық мониторинг агенттігіне 18 наурызда 22 сұрақ жолдап, 10 күннен кейін бір бет жауап алды. Кейін телефонмен берген жауабында Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі "кіріс көлемі неге нақты бір жүйемен анықталмайды?" деген сауалға тура жауап бермеді.
"Бәрінде біз емес, мүмкін ол ішкі істер министрлігінің не прокуратураның ісі шығар. Бүкіл іс бізде емес қой", – деді агенттіктің баспасөз өкілі Гүлсім Исахан.
Адвокат Ұлықбеков қорғауындағы азаматтар қазір Астана қаласы сыртындағы №3 түрмеде отыр. Азаттық олардан сұхбат алуды сұрады. Адвокаты сотталғандардың сұхбатқа келісім бергенін айтты. Сосын редакция мекемеге кіруге рұқсат алу үшін ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне хат жолдады. Бірақ мемлекеттік орган сұхбат жазып алуға рұқсат етпеді.
"Қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес сотталғандарды бейнетүсіру олардың келісімімен жүзеге асырылады. Сіз көрсеткен сотталғандар сұхбат беруден бас тарту туралы жазбаша өтінішпен жүгінді. Осыған байланысты сіздің сұранысыңызды қанағаттандыру мүмкін емес", – деп жазды Қылмыстық атқару жүйесі комитеті.
КРИПТОБИРЖА
Binance – қазіргі криптонарықтағы ең ірі брендтердің бірі. Оны 2017 жылы Қытайда Чанпэн Чжао есімді ІТ-маманы құрған. Компания Қытайда криптосауда шектелер алдында Жапонияға көшеді, сосын Мальтада орнығады. Қазір компанияның нақты бір елде бас штабы жоқ.
Binance былтыр биржаға 250 миллион адам тіркелгенін мәлімдеген. Комиссиясы төмен, транзакциясы жылдам болғандықтан ол қолданушылар арасында тез танымал болып кеткен. Десе де, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Жапония тағы өзге бірқатар ел Binance-қа ақша жылыстатты, ашықтық принципін ұстанбады және лицензиясыз қызмет көрсетті деген айыптар тағып, іс қозғады. 2023 жылы АҚШ соты компанияны ақша жылыстатқаны үшін айыпты деп танып, басшысы Чанпэн Чжаоны 4 айға түрмеге жапты. 4,3 миллиард доллар айыппұл да салды.
2023 жылы Wall Street Journal Binance ішкі дерегіне сілтеп, бұл компания АҚШ үкіметінің реттеу тетіктерін айналып өтуге талпынғанын жазды.
Binance-тың бұған дейін де басы дауға қалған. Америкалық Forbes басылымы 2020 жылы Binance әкімшілігінің АҚШ-тағы қолданушыларынан түскен табысты оффшорға шығару туралы ішкі құжатын жариялады. "Тай Чи" деп аталған құжатқа сәйкес, Binance АҚШ үкіметінің реттеу талаптарына бағынатын бөлек дербес компанияны тіркейді. Ол АҚШ заңына бағынып, америкалық қолданушыларға қызмет көрсетеді. Түскен табысты жаһандық Binance-қа түрлі қызмет комиссиялары не контракт шарттары негізінде төлеп, АҚШ салығынан босатуды көздейді. Binance мұны жоққа шығарып, Forbes-ты сотқа берген. Бірақ кейін арызын қайтарып алды. Ал 2023 жылы Binance АҚШ нарығынан кетті.
Reuters агенттігінің жазуынша, Францияда да Binance-қа қарсы "ақша жылыстатып, салық төлеуден жалтарды" деген айыппен тергеу басталған.
Канада, Нидерланд және Австралия нарығынан да соған ұқсас себептерге орай шығып кеткен. Одан бөлек, Германия, Нигерия, Үндістан мен Өзбекстанда биржаның жұмысы заңсыз деп танылып, айыппұл арқалады. Бірақ жыл басында өзбек билігі Binance биржасымен қайта шарт жасасып, жұмысын қайта қосты.
Binance әр елдің заң талаптарын орындап, лицензия алып та жатыр. Қазір биржа Франция, Италия, Испания, Біріккен араб әмірліктері сияқты 21 елдің аумағында жұмыс істеуге жартылай не толық рұқсат алған. Солардың бірі – Қазақстан.
БҰҒАТТАУ МӘСЕЛЕСІ
"Цифрлық активтер туралы" заң жобасын дайындау бастамасын көтеріп, бекітуге атсалысқан мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Қазақстанда "Астана халықаралық қаржы орталығы шеңберінде лицензия алған ұйым қызметін заңды түрде жүзеге асыра алады" дейді.
"Егер жаһандық платформа жұмыс істеп тұрса немесе бізде жиі кездесетіндей, қолданушыны жергілікті сайттан жаһандық платформаға бағыттаса, бұл – басқа мәселе. Мұндай жағдайда бұғаттау шаралары жаһандық платформаларға қатысты қолданылуға тиіс", – деді депутат.
"Қазақстанның Ұлттық блокчейн қауымдастығының" жетекшісі Дәурен Қарашев Binance.com және Bybit.com платформалары мен олардың Қазақстандағы өкілдіктерін шатастырмау керек дейді.
"Олардың лицензиясы жоқ, тіркеуі жоқ мұнда. Ешқандай заңды тұлға емес, салық төлейтін резидент емес. Бұлардан Қазақстанға келіп отырған пайда нөл", – дейді маман.
Кейінгі жылдары қазақстандықтар жүргізген криптовалюта транзакциялары көбейген. Мұны мамандар әр транзакцияның IP адресіне қарап анықтаған.
"Chainalysis компаниясы осы жылдың 10-11 ақпанында Sheraton қонақ үйінде құқық қорғау органдарына шеберлік сабағын өткізді. Сол сабақтың презентациясында Қазақстандағы цифрлық активтердің кірісі [былтыр] 15 миллиард доллар деген статистика шығып отырды. Бұлардан "шығыс көлемі қандай?" деп сұрағанда, "шығыс та сол шамада болады" деп айтты. Соған қарағанды біздегі айналымның көлемі – 30 миллиард [доллар]", дейді Қарашев.
"Астана халықаралық қаржы орталығынан" лицензия алған биржалардағы айналым былтыр небәрі 1,4 миллиард долларды құраған. Демек елдегі криптовалюта айналымының небәрі 5 пайызы заңды биржаларда жүріп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардың соңында өткен үкімет отырысында "цифрлық активтер айналымына қолданылатын тәсілдерді өзгерту қажет" деген.
"Қазір мұндай активтерді тек Астана халықаралық қаржы орталығындағы криптобиржа базасында ғана заңды түрде пайдалануға болады. Алайда, сарапшылардың бағалауынша, орталықты сауда алаңы ретінде қазақстандық криптоинвесторлардың небәрі 5 пайызы пайдаланады. Қалғаны астыртын жұмыс істейді", – деді Тоқаев.
Сарапшы Сергей Путра Binance-тың жаһандық биржасы бұғатталса, қазақстандықтарға арналған веб қызметі де өшетінін айтады.
"BN KZ заңды тұлғасы Қазақстанда лицензия алды. Binance.com жаһандық платформасында Қазақстан заңнамасына толық сәйкес келетін белгілі бір шектеулері бар бөлігі бар. Қазақстан азаматтарының осы платформаның басқа бөлімдеріне кіруіне шектеу қойылмағаны қаншалықты заңды екенін нақты айта алмаймын. Бірақ осы ресурстың бір бөлігі толығымен заңды жұмыс істейді. Егер платформаның бір бөлігі заңды болса, онда бүкіл ресурсты бұғаттау қаншалықты ақылға қонымды?" – деді маман.
Браузерге "Binance Қазақстан" деп жазып, ең бірінші шыққан сілтемеге өтсеңіз, тіркелу парағы ашылады. Жеке сәйкестендіру нөміріңізді және биометриялық деректеріңізді енгізіп, аккаунт ашасыз. Сауда жүргізуге келісім берген соң, негізгі сауда алаңы ашылады. Ал қолдау чатына өтсеңіз, мынадай дайын сұрақтар шығады. Оның ішінде "Binance-тың жаһандық платформасында аккаунт аша аламын ба?" деген де тұр. Соған бассаңыз, жаһандық платформада аккаунт ашуды кезең-кезеңімен түсіндіреді.
Binance-тың Қазақстанда тіркеген өкілдігі BN KZ Technologies Limited деп аталады. Сол жергілікті биржада жеке тұлға 1000 доллардан артық сомаға криптовалюта сатып ала алмайды. Мұндай шектеу биржаның жаһандық нұсқасында жоқ.
Мәжіліс депутаты Екатериан Смышляева алғашқы кезеңде Қазақстанда тіркелген биржалар өз қызметін дамытудың орнына, пайдаланушыларды тікелей жаһандық платформаға бағыттап отырғанын байқағанын айтты. Ол "бұл мүлде дұрыс емес әрі оған жол берілмеуі керек" дейді.
Азаттық "Binance пен Bybit-тің жаһандық платформалары неге бұғатталмаған?" деп цифрлық даму министрлігіне хат жолдады. Министрлік криптобиржаларды бұғаттау мекемеаралық үдеріс деп жауап берді.
"Министрлік мәдениет және ақпарат министрлігі, АХҚО және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, лицензиясы жоқ цифрлық активтер биржаларын бұғаттаумен айналысып жатыр. Бүгінге дейін цифрлық активтер алмасу қызметін ұсынатын шамамен 6000 платформа бұғатталды. Сайттарды тікелей бұғаттау Мәдениет және ақпарат министрлігінің еншісінде" деп жазды цифрлық даму министрлігі.
Бұл жауаптан кейін оқырманда "Нақты бұғаттау құзыреті кімде?" деген сұрақ туындауы мүмкін. Қазақстан аумағында сайттарды бұғаттау тетігі мәдениет және ақпарат министрлігінде. Бірақ цифрлық активтер саудасын заңсыз жүргізетін биржаларды бұғаттау мәселесін ақпарат министрлігі шешпейді. "Цифрлық активтер туралы" заң құқық қорғау органдарына да ондай құзырет бермейді. Қаржылық мониторинг агенттігі немесе Бас прокуратура цифрлық активтер саласындағы қылмыс көрсеткішін ескеріп, бұғаттау жөнінде кеңес қана бере алады.
Цифрлық даму министрлігі "цифрлық активтер биржаларына қойылатын талаптар және оларды "Астана" халықаралық қаржы орталығында лицензиялау тәртібі сол орталық актілерінде анықталады" деді.
"Астана" халықаралық қаржы орталығы ерекше құқықтық режимі бар қаржы институты ретінде тек орталықта тіркелген биржалардың жұмысын реттей алады. Бірақ лицензия алмағандарға жауапты емес. Қаржы орталығы Азаттыққа солай жауап берді.
"Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушылары емес кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі орталықтың актілерімен реттелмейді. Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылу мәселелері ҚР құқық қорғау органдарының айрықша құзыретіне жатады, деп жазды қаржы орталығының баспасөз қызметі.
Бұғаттау құзыреті – цифрлық даму министрлігінде. Бірақ мекеме басшысы "бұл біздің құзыретімізде емес" деп қайта-қайта айтып жүр. Мысалы, сәуірдің басында мәжіліс кулуарында журналистермен кездескенде министр Жаслан Мәдиев "біздің құзыретімізге тек майнинг компанияларды реттеу кіреді, адамдардың криптовалютамен айналысып, инвестиция жасауын реттеу біздің құзыретімізге жатпайды" деген.
"Цифрлық активтер туралы" заңның 4-бабы министрлікке сол құзыретті береді. Оған қоса, сол баптың 9-тармағы министрліктің "қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру" құзіретін де айқындайды.
"Жергілікті лицензияланған платформалармен қатар жұмыс істеп жатқан криптобиржалардың АХҚО реттеушісімен бірлескен жоспары бар. Соған сәйкес, қолданушыларды жаһандық платформалардан жергілікті лицензияланған биржаларға көшіру жоспарланған", – деді Мәдиев 2 сәуір күні мәжіліс кулуарында.
Былтыр жаздан бері бұғаттау тақырыбынан алшақтау үшін Мәдиев "қолданушыларды көшіру" деген жаңа үдеріс басталғанын айтып келеді. Көшіру процесі жүріп жатқанын "Астана" халықаралық қаржы орталығы да Азаттыққа растады. Бірақ көшіру заңдылығын, оның Қазақстан заңдарына қайшы келмеуін қамтамасыз ететін нормативтік акт болуы керек. Орталық баспасөзі бұған қатысты былай деді:
"Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі ережелерінің 100-бабы Қаржы қызметтерін реттеу комитетіне АХҚО аумағында бизнес жүргізудің арнайы шарттарын бекітуге өкілеттік береді. Лицензия беру кезінде Комитет пен тиісті АХҚО қатысушысы арасында осындай арнайы шарттар келісілген, атап айтқанда – клиенттерді локализациялау талабы".
Қаржы орталығы "бұл берілген уәкілет Қазақстан заңына қайшы келмей ме?" деген Азаттық сауалына тура жауап бермеді.
Азаттық Binance өкілдігінен биржаның жаһандық платформасына қатысты үкімет немесе халықаралық қаржы орталығы ескерту не бұғаттау жөнінде мәселе көтерді ме деп сұрады. Биржа өкілі заң шеңберінде диалогқа ашық екенін, компанияға түскен арыз-шағымды жария етпейтінін айтты.
МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ
Журналистер лицензиясы жоқ биржаларды бұғаттау туралы сұрағанда министр Мәдиев әр кез әртүрлі жауап береді. Мысалы, былтыр шілдеде министр "бізге осы мәселе бойынша заңнамамен қосымша жұмыс істеу қажет сияқты, нақты қандай криптобиржалар жұмыс істеуге құқығы бар, ал қайсысының құқығы жоқ екенін анықтап алу үшін" деген. Ал биыл 2 сәуірде журналистермен кездескенде "Жас Алаш" тілшісіне бұғаттау жөніндегі сұраққа жауап бермей, криптовалютаның айналымын заңдастыру бойынша бастама көтеріп жатқанын айтқан.
"Біз криптовалютаның айналымын заңдастыру бойынша бастама көтеріп отырмыз. Себебі азаматтар заңнамадағы қайшылықтарға байланысты түрлі қиындықтарға тап болмауы керек. Заңнаманы жетілдіру қажет екенін түсінемін және бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз", – деді министр.
Азаттық министрдің өзінен видео сұхбат жазуды сұрады. Мекеме баспасөз хатшысы министр сұхбатқа қарсы емес екенін, бірақ жазбаша жауап беретінін жеткізді. Видео сұхбат жазылмады.
Министрліктің заңға өзгерту енгізу ұсынысы Азаттық қолына түсті. Құжатты жолдаған азамат атын жарияламауды өтінді. Ұсыныс көшірмесіне сәйкес, мұны Цифрлық даму министрлігі дайындап, мәжіліс депутаттарының біріне бастама көтеруді ұсынған. Депутат Екатерина Смышляева заңды өзгерту бастамасы қаралып жатқанын растады. Бірақ заң жобасын мәжіліс оқылымына енгеннен кейін ғана талқылай алатынын айтты.
Ол Binance жаһандық платформасындағы қазақстандықтарды жергілікті платформаға "көшіру мәселесі талқыланып жатыр, бірақ ол қалай жүзеге асатынын әлі білмеймін" деді. Бірақ "Астана" халықаралық қаржы орталығы сол миграция жүріп жатқанын және белсенді фазада екенін жазды. Азаттыққа 11-бапқа қатысты өзгерту әсіресе қызық көрінді. Онда былай дейді: "Цифрлық активтер қызметтерін көрсетуші емес, бірақ ондай қызмет көрсетуші өкілдіктері бар тұлғаларға 2025 жылдың 1 қаңтарынан 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде Қазақстан Республикасы азаматтары мен заңды тұлғаларына цифрлық активтер айналымы бойынша қызмет көрсетуге рұқсат етіледі. Бұл – клиенттерді қазақстандық домені бар интернет-ресурстарға көшіру мақсатында жүзеге асырылады".
Блокчейн технологиялар маманы Дәурен Қарашев "бұл түбірімен заңға қайшы" дейді.
"Жаңағы сіз айтып отырған қосымша Қазақстанда ешқандай заңды тұлға ретінде тіркеуі жоқ, біздің бюджетке ешқандай салық төлемейтін, біздің заң талаптарын орындамайтын криптобиржаларға Қазақстанда цифрлық активтер бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік беру. Толықтай заңға қайшы деп есептеймін" – деді ол.
Қазір "Астана" халықаралық қаржы орталығында 13 заңды тұлға лицензия алған. Оның ішінде Binance пен Bybit өкілдіктері бар. Қарашев министрліктің ұсынысы өтіп кетсе, лицензиясы бар қазақстандық биржалардың мүддесі қорғалмай қалады дейді.
Айта кеткен жөн, бұл – мәжіліс оқылымына әлі ұсынылмаған заң жобасының элементтері. Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі заңнамаға криптоайырбастау қызметін лицензиялау тетіктері қосылатынын мәлімдеді. Бірақ "Дәл осы өзгерту цифрлық активтер туралы заңға қайшы емес пе?" деген сауалды жауапсыз қалдырды.
Бұл мәселе жөніндегі ықтимал мүдделер қақтығысын анықтау үшін министр Жаслан Мәдиев туралы аз-кем мәлімет беру қажет. Мәдиев АҚШ-тың беделді университеттері Колумбия және MIT-де білім алған. Еңбек жолын Лондонда Morgan Stanley банкінде трейдер ретінде бастайды. Кейін "Самұрық-Қазына", "Kazyna Capital Management", "Қазақстанның даму банкі" сияқты квазимемлекеттік институттарда істеген. Президент әкімшілігінде сарапшы болған. 2022 жылдың қаңтарында Цифрлық даму вице-министрі болып тағайындалып, сол жылдың қыркүйегінде Binance Kazakhstan компаниясының бас менеджері қызметіне ауысады.
2023 жылы маусымда өткен Мәдиев Binance Kazakhstan бас менеджері қызметінде болғанда "Қазақстан – лицензиялау тәртібін енгізген бірінші ел" деп үкіметтің реттеуші мекемесімен тығыз қарым-қатынаста екенін айтқан.
Ал былтыр мамыр айында цифрлық даму министрі болып тағайындалғанда оны Binance-тың бас директоры Ричард Тенг құттықтаған.
Тенг "Binance Kazakhstan бас менеджері Жаслан Мәдиевті Қазақстанның цифрлық даму министрі болып тағайындалуымен шын жүректен құттықтаймыз. Жасланның тәжірибесі мен цифрлық технологияға деген ынтасы Қазақстандағы маңызды бастамаларды ілгерілететініне сенімдіміз" деген.
Азаттық мәселеге үңіліп, мүдделер қақтығысы болуы мүмкін тағы бір элементті анықтадық. Қазақстанда лицензияланған криптобиржалардың басшыларын "Астана" халықаралық қаржы орталығының қаржы қызметтерін реттеу комитеті (AFSA) бекітеді. 2023 жылы Жаслан Мәдиев BN KZ Technologies Limited компаниясына басшы болып тағайындалғанда, оны сол кездегі комитет басшысы Нұрхат Көшімов мақұлдаған. Бір жылдан кейін Мәдиев цифрлық даму министрі болып тағайындалды. Ал Көшімов биржаларды реттейтін комитеттен BN KZ Technologies Limited компаниясына ауысқан. Басқаша айтқанда, бір кезде Мәдиев Көшімовке мүдделі болса, қазір Көшімов Мәдиев басқаратын министрліктің құзыретіне мүдделі биржа өкілдігін басқарып отыр. Азаттық "бұл мүдделер қақтығысын тудырмай ма?" деп халықаралық қаржы орталығынан сұрады.
"BN KZ Technologies Limited-ке қатысты айтар болсақ, мұнда барлық көзделген рәсімдер мен өлшемшарттар толық көлемде сақталды, кандидаттарды мақұлдау туралы шешім белгіленген тәртіп шеңберінде қабылданды" деп жазды АХҚО қаржы қызметтерін реттеу комитеті.
2021 жылы америкалық TechCrunch басылымының құрылтайшысы Майкл Аррингтон Binance криптовалюта биржасы қызметкерлерінің 90 пайызына жалақыны ерікті түрде платформаның өз токені BNB-де төлейтінін мәлімдеген. Аррингтон бұл туралы Чанпэн Чжаодан естігенін жазған. Азаттық "Binance биржасының Қазақстандағы қызметкерлері жалақысын BNB токенімен ала ма?" деп сұрады. Компания сұраққа тура жауап бермей, төлемдер Қазақстан заңына сәйкес жүзеге асырылатынын жазды.
Азаттық мүдделер қақтығысын анықтау үшін бас прокуратураға және премьер-министр Бектенов кеңсесіне хат жолдады. "Жаслан Мәдиев министр қызметіне келерде жаһандық Binance биржасында цифрлық активтері бар не жоғына қатысты тексеру жүргіздіңіздер ме?", "оның Binance компаниясына мүдделі емес екеніне көз жеткіздіңіздер ме?" деген сұрақтарға жауап алмақ болды. Бірақ екі мекеме де сауалды цифрлық даму министрлігіне қарай бұрып жіберген.
Сөйтіп Жаслан Мәдиев өзін тағайындау кезіндегі ықтимал мүдделер қақтығысына қатысты сұраққа өзі жауап берді. Министрлік жауабында "Жаслан Мәдиев цифрлық даму министрі лауазымына заңнамада белгіленген барлық рәсімнен өткен соң тағайындалды. Бұл жағдайда мүдделер қақтығысы жоқ" деді.
ПІКІРЛЕР