Абай облысында үш адам апатты жағдайдағы аспалы көпірден құлап, мерт болды

Абай облысы Аягөз ауданы Ақшәулі ауылы маңындағы аспалы көпір. Желіде тараған видеодан скриншот.

Абай облысында үш адам апатты жағдайдағы аспалы көпірден құлап, қаза болды.
Жергілікті төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, оқиға 15 сәуірде Аягөз ауданы Ақшәулі ауылында болған.

“Алдын ала мәлімет бойынша және куәгерлердің сөзінше, Көкқамыр аумағындағы ағаш аспалы көпірден мотоциклді өткізбек болған шаруа қожалығының үш жұмысшысы Қаракөл өзеніне құлаған. Жағалаудан ұялы телефондар мен сырт киімдер табылды” деп жазылған депатамент хабарламасында.

16 сәуірде құтқарушылар 1980, 1978 және 1967 жылғы үш ер адамның денесін тапқан. Облыстық полиция тергеу жүргізіп жатқаны хабарланды. Сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Әлеуметтік желідегі ақпаратқа қарағанда аспалы көпір апатты жағдайда болған. Әзірге жергілікті әкімдіктер оқиғаға түсініктеме берген жоқ.

Былтыр су тасқынынан қатты зардап шеккен Аягөз ауданында бір тәулікте екі адам хабар-ошарсыз кеткен еді. Олар Борлы өзенінен трактормен өтпек болған. Әлеуметтік желіде қолданушылар екі адамның денесі әлі күнге дейін табылмағанын жазды.