Ақмола облысында жол апатынан бір адам қаза тауып, оннан астам бала зардап шекті. Полицияның хабарлауынша, павлодарлық оқушылар футбол командасы мен оның жаттықтырушысы мінген микроавтобус Астанадағы жарысқа бара жатқан кезде тас жолда аударылған. Жаттықтырушы қаза болды.
"18 сәуірде Астана-Ерейментау-Шідерті тас жолында «Мерседес» шағын автобусы жол апатына ұшырады. Алдын ала анықталғандай, көлік жүргізушісі жүк көлігін басып озамын деп аударылған. Шағын автобуста 14 пен 16 жас аралығындағы 16 бала мен жаттықтырушы болған. Апаттың салдарынан оқиға орнында жаттықтырушы қаза болды. Балалар медицина мекемесіне жеткізілген, олар дәрігер бақылауында" деп жазылған Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Полицияның айтынша, жеке спорт мектебі полицияға жарысқа баратыны жөнінде хабарлап, көмек сұрамаған, сондықтан да шағын автобусты полиция жетелеп жүрмеген. Департамент өкілдері тексеріс басталғанын хабарлады.
Былтыр тамызда Ақтөбе облысында Самара – Шымкент тас жолында апаттан футболшы бес бала мен үш ересек қаза болан еді. Қарашатау ауылының оқушылары Маңғыстау облысындағы жарысқа бармақ болған. Жетіорындық көлік жолшыбай жүк көлігіне соқтығысқан еді.
2023 жылы Ақтөбе облысында республикалық олимпиадаға бара жатқан бір мұғалім мен екі оқушы мінген көлік апатқа ұшырап, үшеуі де қаза болған. Toyota Alphard көлігі тас жолда жүк көлігіне соқтығысқан.
Қазақстанда шенеуніктер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі шараларды атқарып жатқанын мәлімдегенмен ірі жол апататтары жиі болып жатыр. "Қазавтожол" ұлттық компаниясының өкілдері былтыр жыл соңында жол апаттары ұзақ жөндеу көрмеген тас жолдарда жиі болатынын мәлімдеген. Компания Қазақстанның қалааралық жолдарындағы апаттарды сараптағаннан кейін осындай қорытындыға келгенін айтқан.