Сәрсенбі күні Ресейде Курск облысының бұрынғы губернаторы Алексей Смирнов ұсталды. Бұл жөнінде ресейлік БАҚ, оның ішінде "Ведомости", Baza және Mash жазды.
Ресей ІІМ ресми өкілі Ирина Волктің сөзінше, Смирнов Украинамен шекарада бекіністі салу кезінде 1 млрд рубль қаражатқа қатысты алаяқтық жасады деп айыпталған.
Мәскеу соты губернаторды қамауға алуға рұқсат берген.
Ал Смирнов өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.
"Ведомости" басылымының жазынша, сәрсенбі күні таңертең Смирновтың үйінде тінту болған. Осы іс бойынша оның бұрынғы бірінші орынбасары Алексей Дедов та ұсталған.
Ақпарат құралдарының жазуынша, бұл қылмыстық іс "Курск облысының даму корпорациясының" бұрынғы бас директоры Владимир Лукинге қарсы қозғалған іске қатысы болуы мүмкін. Ол Ресей-Украина шекарасында бекіністі салу кезінде ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыпталған.
2024 жылы тамызда украин күштері Курск облысына басып кіріп, бірқатар аумақты бақылауға алған еді. Украина қарулы күштері әлі де кейбір аумақты бақылауда ұстап отыр.
Смирнов былтыр мамырда Курск облысының губернаторы міндетін атқарушы болған. Украина қарулы күштерінің операциясына қарамастан ол былтыр қыркүйекте губернатор сайлауында жеңіске жетті. Алайда желтоқсан айында отставкаға "өз еркімен" кеткені хабарланған. Оның орнын мемлекеттік дума депутаты Александр Хинштейн басты. Ол тағайындалғаннан кейін бекіністі салу кезінде ақша жымқыру фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалған. Тергеу мәліметінше, алаяқтық әрекеттің салдарынан шамамен 800 млн рубль бюджетке шығын келген деп айтылады.