Accessibility links

Әкесінің қыздары. Орталық Азиядағы президент қыздарының өсуі мен құлдырауы


Түркіменстанның экс-президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің қызы, қазіргі президент Сердар Бердімұхаммедовтің әпкесі Огулжахан Атабаева.
Түркіменстанның экс-президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің қызы, қазіргі президент Сердар Бердімұхаммедовтің әпкесі Огулжахан Атабаева.

Түркіменстан ақпарат кеңістігінде қазіргі президенттің әпкесі әрі бұрынғы президенттің қызы Огулжахан Атабаева жиі атала бастады. Ақпарат құралдары мен блогерлер Атабаеваның ресми адамдармен, қоғам қайраткерлерімен кездескенін, түрлі шараларға қатысқанын жазып жатыр. Кейбіреулер билік оны әлдебір биік қызметке тағайындамақ деп болжайды. Патриархал дәстүр орныққан Орталық Азияда президенттер туыстарын биліктің жоғары баспалдақтарына қалай шығарған еді?

ЭКС-ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚЫЗЫ, ҚАЗІРГІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӘПКЕСІ

Ресей, Қытай, Иран және Қазақстаннан келген жиырмаға жуық адам "Бейбітшілік пен сенім жылы: балалар үшін халықаралық әріптестік" деп жазылған конференция логотипінің алдында ресми фотоға түсіп тұр. Кадрде балалар жоқ, есесіне басқа "балалар" – президенттердің қыздары бар. Бірі – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің көмекшісі әрі қызы Саида Мирзияева, ал ортада тұрған екіншісі – Түркіменстанның бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің қызы Огулжахан Атабаева. Оның әкесі билікті іс жүзінде ұлы – Сердар Бердімұхаммедовке қалдырып, өзі "Арқадағ" және "Түркімендер көсемі" титулдарын, көп өкілетін сақтап қалды.

"Бейбітшілік пен сенім жылы: балалар үшін халықаралық әріптестік" конференциясына қатысушылар суретке түсіп тұр. Арқадағ, Түркіменстан, 29 наурыз, 2025 жыл.
"Бейбітшілік пен сенім жылы: балалар үшін халықаралық әріптестік" конференциясына қатысушылар суретке түсіп тұр. Арқадағ, Түркіменстан, 29 наурыз, 2025 жыл.

Халықаралық конференция Гурбангулы Бердімұхаммедовтің құрметіне аталған Арқадағ қаласында өтті әрі ол балаларға көмек беруге бағытталған қайырымдылық қордың құрылғанына төрт жыл толу құрметіне арналды. Қор да Бердімұхаммедовтің атымен аталған. Огулжахан Атабаева былтырғы жылдың аяғынан бері осы қордың атқарушы директоры әрі вице-президенті қызметін атқарып жүр.

Кейінгі кезге дейін бұрынғы президенттің қызы, қазіргі президенттің әпкесі жайлы ақпарат мүлде аз болатын. Жұрт назары Гурбангулы Бердімұхаммедовтің жалғыз ұлы – Сердарда болды. Оның екі әпкесі Огулжахан мен Гүлшан ел көзіне түспейтін. Олардың жасы нешеде екені, не жұмыс істегені белгісіз.

Огулжахан күйеуі – Түркіменстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің кеңесшісі Довлет Атабаевпен бірге Лондонда тұрғаны ғана айтылатын. Тәуелсіз БАҚ-тың жазуынша, ерлі-зайыпты Арқадағ қаласының құрылысы басталғанда елге оралып, оны салуға белсене араласқан.

Огулжахан көп жыл бойы тасада қалып келген. Тек былтыр желтоқсанда әкесі оны өз атына берілген қордың емдеу ісі бойынша вице-президенті етіп тағайындап, інісі оған "Арқадағ" медалін табыстаған соң оның есімі атала бастады.

Ол өткен айдан бері ерекше белсенді бола бастады. 22 наурызда ол Арқадағта тал егу рәсіміне қатысты. 25 наурызда мәдениет саласын басқаратын вице-премьермен кездесті. 28 наурызда балалар денсаулығы бойынша халықаралық конференция өткізді. Бұл шаралардан мемлекеттің қатаң бақылауында тұрған телеарналар мен газеттер жан-жақты хабар таратты (Баспасөз еркіндігі индексінде Түркіменстан көптен бері соңғы орындардың бірін алып келеді).

"Түркіменстанда Бердімұхаммедов әулетінің бір мүшесін жиі көрсете бастаса бәрі түсінікті деген сөз. Ол адам жақында жоғары мемлекеттік қызметке тағайындалатынына шүбә жоқ. Жұрттың көбі ол парламент спикері болады деп болжайды", – деді Азаттықтың Түркімен қызметіне аноним түрде сұхбат берген Лебап уәләятының тұрғыны.

Огулжахан тек мемлекеттік БАҚ-та емес, әлеуметтік желіде де жиі көріне бастады. Ол туралы TikTok пен Instagram-да да жазып жатқандар көп, арасында билікке жақын блогерлер де бар. Олар Атабаевамен түскен видеоларын жарыса жариялады.

"Қазір жұрт қорыққанынан сол видеолардың астына комментарий жазып жатыр. Билеушінің отбасы жайлы нашар пікір жазған адамның жағдайы қиын болуы мүмкін", – деді Мары қаласының аты-жөнін атамауды сұраған тұрғыны.

Орталық Азия бойынша сарапшы Брюс Панниердің айтуынша, Атабаеваның саяси сахнаға шығуы Гурбангулы Бердімұхаммедов балаларының позициясын нығайтып жатқанын айғақтайды.

"Ол [Гурбангулы Бердімұхамедов] өз отбасының, ұлының билігін нығайтуға тырысып жатыр. Бірақ патриархал қоғамда бұған қаншалық мүмкіндік бар, ол басқа мәселе", – деді Панниер.

САИДА, ГҮЛНАРА, ДАРИҒА ЖӘНЕ ҚАРЛЫҒА

Орталық Азиядағы басқа көршілердің тәжірибесі көрсеткеніндей, президенттің туыстары мен қыздарының биік мансапқа жетуге мүмкіндігі көп.

Арқадағтағы конференцияға қатысқан Саида Мирзияева саясатқа алты жыл бұрын ғана келген, осы аралықта ол үлкен карьера жасап үлгерді. Қазір ол өз әкесі – президенттен кейінгі маңызы жағынан екінші лауазымды иеленіп отыр.

Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы ресми кездесу, шетелдік делегацияларды қабылдау сияқты шараларға жиі қатысады, аймақтарға жиі барады және шетелде Өзбекстан атынан өкілдік етеді. Мәселен наурыз айында ол президенттің көмекшісі ретінде Өзбекстандағы қазақ суретшісі Орал Таңсықбаевтың ретроспектив көрмесіне қатысты.

Саида Мирзияева және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, Қазақстан. 5 тамыз, 2024 жыл.
Саида Мирзияева және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, Қазақстан. 5 тамыз, 2024 жыл.

Кейбіреулер 40 жастағы Саида әкесінің орнын басуы мүмкін деп болжайды. Дегенмен мұндай болжам үнемі расқа айнала бермейді. Бір кездері Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнараны да оның орнына келуі мүмкін үміткер деп санайтын. Ол Еуропада дипломатиялық қызмет атқарды, ықпалы да күшті болды. Сән киімдері көрмесін өткізді, тіпті Googoosha деген лақап атпен ән де салды.

Бірақ кейін әкесі екеуінің арасынан ала мысық өтті. Каримов көзі тірісінде-ақ онымен араздасты. Бірінші президент қайтыс болған соң Гүлнара Каримова тіпті түрмеге түсті. 2020 жылғы наурызда Ташкент соты оған сөз байласып, ақша бопсалады, бөтеннің ақшасын талан-таражға салды және қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастырды деп 13 жыл төрт ай жаза кесті.

Биыл қаңтарда Гүлнара Каримованы қоныс-колонияға ауыстырды деген ақпарат тарады. Каримованың үстінен қозғалған қылмыстық істер бойынша оның шетелдегі жүздеген миллион доллар активі бұғатталып тұр, Ташкент әлі күнге сол активтерді қайтаруға тырысып келеді.

Қазақстанда да бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға оның мұрагері ретінде қарастырылған. Ол жоғары лауазымды қызметтер атқарып, вице-премьер, депутат болды. 2019 жылы елді отыз жылдай басқарған әкесі биліктен кеткен күні Дариға Назарбаева парламенттің жоғарғы палатасының спикері атанды. Бұл – мемлекеттік қызмет иерархиясындағы президенттен кейінгі екінші лауазым. Президент қызметтен кеткен не қайтыс болған жағдайда оның өкілеті сенат спикеріне өтеді. Бұл механизм сол 2019 жылы сынақтан өтті: Назарбаев билікті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды.

Алайда 2020 жылы Тоқаев Дариға Назарбаеваның депутат өкілетін тоқтатып, ол сенат спикері қызметінен түсті. Бірақ сол жылы әкесі басқаратын партия тізімімен парламенттің төменгі палатасы – мәжіліске өтті. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан соң Дариға Назарбаева парламенттен кетіп, әсіресе Қазақстанда жұрт алдына шығуды қойды.

Соңғы рет оның Монако ханшайымының құрметіне Канны қаласында өткен қайырымдылық аукционында ұлы Нұрәлі Әлиев, оның әйелі мен үш баласымен бірге жүрген видеосы шықты.

Дариға Назарбаева да, оның сіңлісі Динара Құлыбаева да қазақстандық Forbes журналының нұсқасы бойынша елдегі ең бай адамдар тізіміне кіреді. Алуан түрлі бизнеске иелік ететін 61 жастағы Дариғаның байлығы 590 миллион долларға бағаланған. Америкалық Forbes-тың есептеуі бойынша, елдің ең ірі банкін бақылайтын Динара Құлыбаеваның байлығы 5,4 миллиард долларға жеткен.

Дегенмен былтыр күзде Forbes жасаған Қазақстанның ең ықпалды әйелдері тізімінде Назарбаевтың қыздары болмай шықты. Есесіне бұл рейтингіге қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы Қарлыға Ізбастина кірді.

"Президенттің қарындасы әрі үш Ізбастиннің анасы ықпалды емес дейтіндер мені таспен ұрса болады", – деді Forbes-тің рейтингтер бойынша редакторы Ардақ Бөкеева "Гиперборей" YouTube-арнасына берген сұхбатында.

Қазақстан президентінің қарындасы – дипломат, елдің Болгариядағы бұрынғы елшісі Теміртай Ізбастиннің әйелі. Ерлі-зайыптының төрт баласы бар. Мұхаммед Ізбастин – Қазақстанның ең ықпалды кәсіпкерлерінің тізіміне кіретін бизнесмен, Қаныш Ізбастин бірнеше ұлттық компанияда басшы қызметінде болған, ал Бекет Ізбастин "Қазмұнайгаз" ұлттық мұнайгаз компаниясының еншілес мекемесі – PSA-ның бас директоры.

НЕПОТИЗМ ДӘСТҮРІ

Қырғызстанда бірінші президент Асқар Ақаевтың саясатына және непотизмге деген наразылық 2005 жылы "Қызғалдақ революциясына" ұласқан. Мыңдаған адам көшеге шығып, Ақаев отбасымен Ресейге қашты.

Бішкектегі наразылық парламент сайлауынан кейін басталды. Оппозиция пікірі бойынша, сол сайлау нәтижесі бұрмаланған. Парламенттегі орындардың 90 пайызын билікшіл кандидаттар иеленді, арасында президенттің қызы Бермет пен ұлы Айдар бар. Экс-президенттің үлкен қызы қазір шетелде тұрады, ал ұлы 2020 жылы қайтыс болған.

Тәжікстанды 31 жылдан бері басқарып келе жатқан президент Эмомали Рахмонның екі ұл, жеті қызы бар. Президент балаларының үшеуі ел алдына шығып тұрады. Негізгісі – Душанбе мэрі әрі парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы Рустам Эмомали. Тәжікстанда оны әкесінің мұрагері болатын үміткерлер қатарына қосады.

Тәжікстандағы "ұлт көшбасшысының" ең әйгілі қызы – 47 жастағы Озода Рахмон. Ол Тәжікстанның АҚШ-тағы елшілігінде, сыртқы істер министрлігінде істеген. 2016 жылдан бері әкесінің әкімшілігін басқарып отыр.

Және бір қызы Рухшона Рахмонованы әкесі 2021 жылы Ұлыбританиядағы елші етіп тағайындаған.

Рахмонның басқа балалары әзірге тасада. Азаттықтың Тәжік қызметі 2023 жылы Парвина Рахмонова әкімшілік ресурстың арқасында алты жыл ішінде елдің фармацевтика нарығындағы лидерге айналған компанияны бақылауында ұстайтынын жазған. Зарина Рахмон былтыр "Орионбанк" басқарма төрағасының орынбасары қызметіне барды. Азаттық Тәжік қызметінің ақпараты бойынша, президенттің тағы бір қызы Тахмина Рахмонова Тәжікстандағы ұшақ билеті саудасын бақылайтын "Әуе тасымалы агенттігі" команиясының құрылтайшысы болған.

"ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК"

Түркіменстанда президенттің әйел туысы саяси сахнаға алғаш рет шығып тұр. Кей болжамдарға қарағанда, қоғамдық ортада президенттің әпкесі Огулжахан Атабаеваны дәріптеу – "гендерлік теңдікті" көрсетудің бір жолы болса керек.

"Бұл, әрине, саяси ойын. Іс жүзінде бізде зайырлы, демократиялық, құқықтық мемлекет түсінігі мүлде жоққа тән", – деді аты-жөнін атамауды сұраған Ашғабаттағы консерватория қызметкері.

Президенттің әпкесі жиі насихатталып жатқанына қарамастан, Түркіменстанда әйелдердің жағдайы өте ауыр деуге болады. Мемлекеттік қызметкерлердің опа-далап пайдалануына, денесіне жабысқан киім киюіне, шашын ашық түске бояуына тыйым салынған. Түркімен қыздарына ерін үлкейтуге, татуаж, тіпті кірпік пен тырнақ өсіру сияқты процедура жасатуына болмайды.

Президенттердің қыздары үлкен саяси карьера жасаған Орталық Азияның басқа елдерінде де әйелдердің ахуалы мәз емес. Кеңсесі Швецияда орналасқан Орталық Азиямен ынтымақтастық желісінің жазуынша, аймақтағы бес елдің ешқайсында әйел мен ер хақы тең емес, әйелдер көп жағдайда өз бетінше шешім қабылдай алмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG