Accessibility links

"Диаспоралар өзін мемлекет деп тани алмайды". Лавров Тоқаев сөзіне неге қазір қарсы шықты?


2022 жылы Қазақстан президенті БҰҰ жарғысына сілтеп, Луганск пен Донецк квазимемлекеттік құрылымын мойындамаймыз деген еді. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров үш жылдан соң Тоқаевтың уәжімен келіспейтінін айтты. Бұл нені білдіреді? Қазақстанға қауіп бар ма?

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Коммерсантъ" басылымына берген сұхбатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш бұрын айтқан сөзіне келіспейтінін мәлімдеді. 2022 жылы Қазақстан басшысы БҰҰ жарғысына сілтеп, Луганск пен Донецк квазимемлекеттік құрылымын мойындамаймыз деген. Ресей министрі жарғыны кең ауқымда қарастыру керек дейді.

"Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ол сөзі есімде. Мен онымен келіспеймін. Кейін біз бұл мәселе бойынша қазақстандық достарымызға өз ұстанымымызды түсіндірдік. Тоқаев үшін тек аумақтық тұтастық қағидаты бар сияқты. Мен оған Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі болса, онда ол БҰҰ Жарғысын толық көлемде құрметтеуге тиіс екенін айттым. Деколонизацияны мысалға келтірдім. Мемлекетаралық қатынастар қағидаттары туралы декларацияда не жазылған болса, сол жүзеге асты. Яғни, аумақтық тұтастық өз аумағында өмір сүріп жатқан бүкіл халықтың атынан өкілдік ететін үкіметі бар мемлекеттер үшін ғана мойындалады. Париж де, Лиссабон да, Мадрид пен Лондон да – осы колониялық державалардың ешқайсысы басып алған аумақтардағы халықтың атынан өкілдік еткен жоқ. Бұл дәлелдеуді қажет етпейді. Сондықтан отарсыздану процессі БҰҰ Жарғысына сәйкес жүзеге асты" деді Лавров.

2022 жылғы маусымда Санкт-Петербургте экономикалық форум өтіп, оның бір сессиясына Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин қатысты. Жиын модераторы, Russia Today мемлекеттік телеарнасының басшысы Маргарита Симоньян Қазақстан басшысынан Кремльдің Украинаға қарсы соғысы туралы көзқарасын сұраған.

"Қазір Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысы халықаралық құқық болып саналады. Алайда ондағы халықтардың өз тағдырын өзі анықтау құқығы мен мемлекеттік аумақтық тұтастығы деген ұғымдар қайшылыққа тап болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының негізін қалаушылар бұл нәрсені ескермеген немесе әдейі екеуін біріктірген де болуы мүмкін. Екі ұғым бір-біріне қайшы келіп тұрса, онда әртүрлі түсінік береді деген сөз. Кейбіреулер мемлекеттің тұтастығын қасиетті ұғым, қасиетті категория деп айтады, ал басқалары белгілі бір мемлекеттің құрамындағы кез келген халықтар өз мемлекетіне құқығы бар және өз қалауы бойынша бөлінуі мүмкін деп санайды. Егер халықтардың таңдағаны бола берсе, әлемде Біріккен Ұлттар Ұйымы құрамына енетін 193 ел емес, 500, тіпті 600 ел болар еді. Әрине, бұл хаосқа бастайды. Сондықтан біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принципті Луганск пен Донецктің квазимемлеттік құрылымына да қолданамыз" деп жауап берді Тоқаев бұл сұраққа.

Қазақстан президентінің бұл сөзі Ресей ішінде және сыртында қатты талқыланды. Бұл жауап кремльшіл адамдарға ұнамай қалды.

Ресей мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулин: "Тоқаев Путиннің көзінше пікірін бүкпесіз жария етті деуге де болар, бірақ, менің ойымша, онысы қате болды. Қасында отырған президентке құдды бір сұс көрсете сөйлегендей көрінді" деді.

Ал Regnum федералды ақпарат агенттігінің бас редакторы Модест Колеров: Тоқаевтың үндемей-ақ қоюына болары еді, бірақ айтып қалғысы келді. Қазақстан президентінің бұл жария манифесі Ресейге тікелей бағытталған. Бұл кездейсоқ емес, кездейсоқ өзін-өзі артықпын деп санап отырған жоқ. Таяуда ғана, 2022 жылдың қаңтарында Ресейдің күшімен орынын сақтап қалған Қазақстан президенті біздің елге қонақ болып келе тұра үй иесінің бетіне түкірді, біздің ЛНР мен ДХР-ымызды квазимемлеттік құрылым деп атады, мұнымен шектеліп қана қоймай, оларды ешқашан республика деп танымайтынын мәлімдеді" деген.

Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургтегі халықаралық экономикалық форумда. 17 маусым 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербургтегі халықаралық экономикалық форумда. 17 маусым 2022 жыл.

Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова сол кезде Мәскеу Тоқаевтың көзқарасын құрметтейтінін хабарлаған. Ол "біздің батыс елдерінен айырмашылығымыз сол, әртүрлі көзқарас ұстансақ та, серіктестерімізді құрметтейміз" деп мәлімдеген.

"РЕСЕЙ БОЛМЫСЫНА ТЕРІС ӘСЕР ЕТЕТІН ПІКІР"

Арада үш жыл өткенде бұл мәселе неге қайта қозғалып отыр? Лавров өз ойын айтты ма, әлде Кремльдің көзқарасын жеткізіп отыр ма? Қазақстан бұл сөзді қалай қабылдауы керек?

Қазақстан парламент мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Лавровтың пікірі Ресей болмысына теріс әсер ететін сөз десе, оның мәжілістегі әріптесі Айгүл Құспан бұл сөз Украинаға арналды дейді.

"Бұл Қазақстанға немесе президент Тоқаевқа қарсы айтылған сөз емес. Бұл – қазіргі Ресейге керек ұстаным. Өйткені қазір мына Украина туралы сөз болып жатыр. ЛХР, ДХР, Қырым, Запорожье, Харьков – солар туралы сөз айтылып жатыр. Сонда тұратын халық өздері шешті, ұлттардың өзін өзі анықтау құқығы бар дегенге келтіріп жатыр" деді Айгүл Құспан Азаттыққа.

"РЕСЕЙ ЕКІ ҚАҒИДАНЫ ДА БҰЗЫП ОТЫР"

Бұрынғы дипломат Жарас Ормантай БҰҰ жарлығындағы Тоқаев айтқан екі қағида тең екенін, бірақ Украина жеріне басып кірген Ресей оның екеуін де бұзғанын айтады.

– 2014 жылға дейін Украина өз шекарасында өмір сүріп, дамып жатқан еді. Қырымды аннексиялаған Ресей Украинаның аумақтық тұтастығын бұзды. Ал екінші қағида үшін халықаралық құқықта көрсетілген шарттар орындалуы керек. Онда бұл процесс қалай өтетіні, қандай референдум, кім байқаушы болатыны белгіленген. Бұл референдумда біз оның ешқайсысын көрмедік. Референдум өткізу үшін қолайлы жағдай болуы шарт. Ешқандай соғыс болмауы қажет, халық бейбіт түрде, өз еркімен таңдау жасауы керек" – дейді экс-дипломат.

Жарас Ормантайдың сөзінше, Лавров бұл сөзін жайдан-жай айтып отырған жоқ, мұны ескерту деп қабылдау керек.

– Лавров деколонизация, өткен ғасырдағы процестерді айтты. Бірақ Ресейдің өзінде де талай жеке автономия, республика бар. Ресей Қазақстан сияқты унитарлы мемлекет емес, ол – федерация. Олар федерация ішіндегі халықтардың құқықтарын қаншалық сақтап жатқаны – үлкен сұрақ, – дейді сарапшы.

Экс-дипломат Қазбек Бейсебаев Ресей екіжүзді саясат ұстанып отыр дейді. Оның сөзінше, БҰҰ жарғысындағы бір-біріне қайшы екі қағиданы әр ел өз ыңғайына қарай қолданып отыр.

– Ресей өз құрамындаеы Татарстан немесе Шешенстан секілді автономды аумақтарды жібермейді. Мұндайда Лавров мемлекеттік тұтастыққа сүйенетін шығар. Ал керек кезде әр халықтың өзін өзі басқаруға деген құқығына сүйенеді. Қазір енді АҚШ-та Дания құрамындағы Гренландияны өзімізге қосамыз деп отыр. Бір жағынан халықаралық құқықты қолдау керек. Бірақ тарих халықаралық құқықты ешкім орындамайтынын көрсетіп отыр. Сол себепті мұндай қайшылық тумас үшін билік пен халық біртұтас болуы қажет, – деді Бейсебаев Азаттыққа.

Саясаттанушы Дос Көшім Лавровтың сөзі Тоқаевқа үш жылдан кейін айтылған жауап дейді. Оның сөзінше, мұндай жауапқа Ресей ішінде сұраныс болған. Азаттық осы мәселе жөнінде саясаттанушымен сұхбат құрды.

"РЕСЕЙДІҢ ҮШ ЖЫЛ КЕШІККЕН ЖАУАБЫ"

– Ресей сыртқы істер минситрі Сергей Лавровтың кешегі сөзін ресейлік пропагандашыл басылымдар "Лавров Тоқаевқа қатты айтты, оңдырмай жауап берді" деген сияқты тақырып қойып жазып жатыр. Тоқаевтың ол сөзінен бері үш жылдай өтіп кетті. Бұл тақырыпты неге қайта қаузап отыр деп ойлайсыз?

Саясаттанушы Дос Көшім
Саясаттанушы Дос Көшім

– Лавровтың кеше айтқаны бір-ақ нәрсе. Көптеген саясаттанушы Ресей [Тоқаевқа] жауап бермей қалды деп жүрді. Сондықтан бұл Ресейдің Тоқаевқа кеш те болса берген жауабы деп қабылдауымыз керек. Лавров өте қызық мәселені айтты. "Территориялық тұтастық осы аумақта тұратын барлық ұлтты білдіретін мемлекетте ғана сақталады" деді. Бұл – Ресейдің кейінгі уақытта қозғап жүрген негізгі уәжі. Бірақ олар мына мәселені айтқысы келмейді. Егер диаспораларда осындай мәселе болса, олар сол мемлекеттен өздері кете алады. Территория бөлінбейді, адамдар кетеді. Егер Украинадағы орыс азаматтары Украина мемлекетінің бағыты мен саясатымен келіскісі келмесе, онда Ресейге барып тұруына құқығы бар. Ал олардың бұл жерде істеп отырғаны – сол жерде тұрып өздеріне жеке мемлекеттерін құру. Лавровтың айтуынша, Донбасс пен Луганскіде тұратындар жеке бір ұлт сияқты, олардың мемлекеті жоқ сияқты, олар орыс емес сияқты. Ешқандай қисынға келмейтін мәселе. Бұл БҰҰ-ның барлық құжатына қарсы.

– Тоқаевтың БҰҰ жарлығындағы екі қағида бір-біріне қарама-қайшы келетіні бұрыннан белгілі ғой. Ақорда енді осы ұстанымында табанды түрде тұра ала ма? Қандай реакция болады деп ойлайсыз және болуы мүмкін бе?

– Менің ойымша, бұл жерде пікірталас болмайтын сияқты. Тоқаев өзінің көзқарасын айтты, бұл Қазақстанның көзқарасы деп қабылдауымыз керек. Лавров Ресейдің көзқарасын айтты.

– Украинада соғыс басталған соң, көп сарапшы келесі кезек Қазақстандікі дегенді айтып жүрді. Тіпті Ресейдегі кейбір әсіре империяшыл сарапшылардың да аузынан естіліп қалды. Лавровтың бұл пікірі осындай топтарға беріп жатқан сигналы деуге бола ма? Әлде журналистің тосын сұрағына табан астында берген жауабы деп қабылдаған дұрыс па?

– Менің ойымша, ол үш жыл бұрын тісін шықырлатып қалған. Бұл жерде сәл де болса ыңғайсыздық бар. Тоқаев бұл сөзін Санкт-Петербургтегі форумда, Путинмен қарама-қарсы отырған уақытта айтты. Сол жерде Путин осы мәселеге өзінің тарапынан жауап беруі керек еді. Үш жылдан кейін мұны сыртқы істер министрінің айтуы дипломатия жағынан да, басқа жағынан да өте ыңғайсыз деп ойлаймын.

Бұл – Ресейдің сыртқы саясаттағы белгілі ұстанымы және оның Қазақстанға тікелей қатысы бар. Ертең Қазақстанда орыстар тұрған жер, облыс бөлінеміз деген мәселе көтерсе, бұл жерде Қазақстанның территориялық тұтастығы мойындалмайды, себебі Қазақстанның ішіндегі белгілі бір аймақ Қазақстан бағытындағы саясатты қолдағысы келмейді деп соны алға тартады. Сондықтан Лавров ол сөзді бекер айтқан жоқ. Бізде де дәл сол Украинадағыдай жағдай бар.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG